2026 жылғы 10–13 қыркүйек аралығында Астана қаласында «Психикалық денсаулық және дәлелді психотерапия: ғылым мен практиканың пәнаралық диалогы» халықаралық форумы өтеді. Форум психиатрия, психология, психотерапия, қоғамдық денсаулық сақтау және білім беру салаларының мамандарын біріктіріп, психикалық денсаулықты нығайту мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алудың заманауи ғылыми негізделген тәсілдерін талқылауға арналған.
Форумның негізгі іс-шараларының бірі – 10–11 қыркүйекте өтетін «Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу: дәлелді тәсілдер және көмектің пәнаралық модельдері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Конференция BR24993083 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылады. Оның негізгі бағыттары – суицидтің алдын алу саласындағы пәнаралық зерттеулер, заманауи ғылыми деректер, көмектің клиникалық және әлеуметтік модельдері, ұйымдастырушылық стратегиялар және сектораралық өзара іс-қимыл.
Конференцияны ұйымдастыруға Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қазақстандық когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығы, Семей медицина университеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, Астана қаласының психикалық денсаулық орталығы, Назарбаев Университеті және «Психиатрия саласында істейтін мамандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі қатысады.
Форумның ғылыми бағдарламасы психикалық денсаулық пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға қатысты өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, суицидтік тәуекелді стратификациялау және дербестендірілген интервенциялар, білім беру ортасындағы суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы, жасөспірімдер мен жастар арасындағы өзіне-өзі зиян келтіру мінез-құлқы, кәмелетке толмағандарға мамандандырылған көмек көрсету, поственция, жедел суицидтік дағдарыстар кезіндегі терапияның жаңа тәсілдері, сондай-ақ цифрлық және телемедициналық технологиялар талқыланады.
Форум аясында жастар арасындағы пресуицидтік ұстанымдарға ерекше назар аударылады. Бұл бағыт «Пресуицидтік ұстанымдар кешенді индикатор және мониторинг нысаны ретінде: Қазақстан жастары мен жас ересектерінің популяциялық зерттеуі» (ИРН BR24993083) ғылыми-техникалық бағдарламасымен тікелей байланысты. Бағдарлама жетекшісі – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Ләззат Жамалиева.
11 қыркүйекте Назарбаев Университетінде мамандарға арналған бірқатар мастер-класстар ұйымдастырылады. Олардың қатарында жастардың тәуекелді мінез-құлқының алдын алу және психологиялық әл-ауқатын нығайту, тәуелді мінез-құлық кезіндегі дағдарыстық жағдайлармен психотерапиялық жұмыс, Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитариялық көмектің суицид профилактикасына дайындығы, арт-терапиялық тәсілдер және суицидтік тәуекелді ерте анықтауға арналған үш деңгейлі психологиялық триаж жүйесі бар.
10 қыркүйектегі өткізу орны:
Астана қаласы, Хусейн бен Талал көшесі, 7, Астана қаласының психикалық денсаулық орталығы, конференц-зал, 2-қабат, Б блогы.
Басталу уақыты: 10.00
11 қыркүйектегі өткізу орны:
Астана қаласы, Керей, Жәнібек хандар көшесі, 5/1, Назарбаев Университетінің Медицина мектебі.


