29 маусым күні Қалалық психикалық денсаулық сақтау орталығында алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарына арналған mhGAP оқыту тренингінің екінші кезеңі басталды. Оқу 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.
Тренинг балалар мен жасөспірімдердегі психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарды ерте анықтау, диагностикалау және жүргізу мәселелеріне арналған. Негізгі назар депрессиялық, үрейлі, мінез-құлықтық бұзылыстарға, сондай-ақ назар тапшылығы мен гипербелсенділік синдромына аударылады.
Мұндай жағдайлар баланың оқуына, әлеуметтік бейімделуіне, отбасындағы қарым-қатынасына және өмір сапасына елеулі әсер етуі мүмкін. Сондықтан психикалық дамудағы және эмоциялық-мінез-құлықтық бұзылыстарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде дер кезінде анықтау ерекше маңызды.
Ата-аналар көбіне ең алдымен алғашқы буын мамандарына жүгінеді. Алаңдататын белгілерді ерте тану қажетті көмекті уақытында ұйымдастыруға, асқынулар қаупін төмендетуге және баланың ұзақ мерзімді болжамын жақсартуға мүмкіндік береді.
Оқыту ЮНИСЕФ пен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Балалардың психикалық денсаулығын нығайту және суицидтің алдын алу» бірлескен бағдарламасы аясында өткізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген Mental Health Gap Action Programme (mhGAP) бағдарламасы психикалық бұзылыстар бойынша көмекке мұқтаж халықтың қажеттілігі мен мамандандырылған көмектің қолжетімділігі арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бағдарлама әлемнің 100-ден астам елінде енгізіліп, мамандандырылмаған буын дәрігерлері мен мамандарының кең таралған психикалық, неврологиялық және мінез-құлықтық бұзылыстар кезінде көмек көрсету дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді.
Тренинг барысында балалар мен жасөспірімдердегі эмоциялық және мінез-құлықтық бұзылыстарды диагностикалау мен жүргізудің заманауи тәсілдері, депрессия, үрейлі жағдайлар және суицидтік мінез-құлық мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ пәнаралық өзара іс-қимылға, баланың отбасымен жұмыс істеуге және дәлелді психоәлеуметтік араласуларды қолдануға ерекше назар аударылады.

