Қазіргі уақытта Қалалық психикалық денсаулық орталығында «Нашақорлық және психикалық денсаулық мәселелері: қазіргі заманның ерекшеліктері» тақырыбында қалалық дәрігерлік конференция өтіп жатыр.
Іс-шара Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күніне орай ұйымдастырылған нашақорлықтың алдын алу айлығы аясында өткізілуде.
Конференцияға Қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері, Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы, сондай-ақ «Астана медицина университеті» КеАҚ психиатрия және наркология, пульмонология кафедраларының оқытушылары мен сарапшылары қатысуда.
Конференция барысында психоактивті заттардың заманауи түрлері, есірткіге тәуелділікті диагностикалау мәселелері, жасөспірімдерді медициналық куәландыру ерекшеліктері, сондай-ақ есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстың қазіргі тәсілдері талқылануда. Сонымен қатар құқықтық мәселелер мен өңірдегі наркологиялық ахуалды жақсарту шараларына ерекше назар аударылуда.
Іс-шара аясында синтетикалық есірткілердің зияны, есірткі заттарын анықтау әдістері және алкогольдік масаңдық белгілері туралы профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде.
Конференцияның негізгі мақсаты – психоактивті заттарды қолданудың салдары туралы мамандар мен тұрғындардың хабардарлығын арттыру және нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейту.

