Астанада Қалалық психикалық денсаулық орталығының базасында «Халықтың психикалық денсаулығы: профилактика, қолдау, оңалту» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Құттықтау сөзбен орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Қуаныш Алтынбеков сөз сөйледі. Ол қоғамдағы қарқынды өзгерістер жағдайында психикалық денсаулық мәселелері алдыңғы қатарға шығатынын атап өтті.
«Бүгінде психикалық денсаулық саласында профилактика жүргізу, оны нығайту және көмек көрсету мәселелері бұрын-соңды болмаған аса өзекті болып отыр. Психикалық денсаулық – бұл тек жеке адамның мәселесі ғана емес, болашақ ұрпақтың әл-ауқатының негізгі факторы. Ерте араласу және кешенді қолдау жастардың толыққанды дамуы мен әлеуметтік бейімделуінің басты кілті болып табылады», – деп атап өтті Алтынбеков.
Депрессивті жағдайларды ерте анықтауға арналған нейрожелілік технологияларды енгізуге, сондай-ақ когнитивті-мінез-құлықтық терапияны дамытуға және пәнаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше назар аударылды.
«Бүгінгі конференция тәжірибе алмасуға, озық әдістермен танысуға және көмектің қолжетімділігін арттырудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Алмагуль Айтжанова.
Іс-шараға дәрігер-психиатрлар, психотерапевтер, клиникалық психологтар, сондай-ақ «Астана» медицина университетінің оқытушылары, магистранттары мен резиденттері қатысты. Магистранттар мен жас мамандардың кәсіби конференцияларға қатысуы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, медициналық қауымдастықтың тұрақты дамуын қалыптастырады.
Мысалы, конференцияда «Медициналық қызметкерлердегі қосалқы травматикалық стресс және кәсіби күйзеліс» тақырыбында «Астана» медицина университетінің магистранты Марина Шнайдер баяндама жасады.
«Кәсіби күйзеліс кенеттен пайда болмайтынын түсіну маңызды – бұл ерте анықтауды және профилактиканы қажет ететін жинақталатын процесс. Ұйымдастырушылық шешімдер, психологиялық көмек және жүктемені азайту арқылы дәрігерлерді қолдау жүйенің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Медициналық қызметкерлерге қамқорлық жасау – бүкіл саланың тұрақтылығы мен тиімділігінің қажетті шарты. Сондықтан да кәсіби қауымдастықта бұл мәселенің көтеріле бастауы маңызды», – деді ол.
Конференцияда сондай-ақ нейрожелілердің депрессивті жағдайларды ерте кезеңдерде диагностикалауға қалай көмектесетіні туралы айтылып, НГТС – назар тапшылығы және гиперактивтілік синдромын емдеу, жасөспірімдердегі мінез-құлық бұзылыстары, инновациялық терапия әдістері және мультидисциплинарлық командалардың жұмысындағы когнитивті-мінез-құлықтық технологиялар мәселелері қозғалды.
Конференция қатысушыларының пікірінше, мұндай кездесулер кәсіби қауымдастықты біріктіруге, көмек көрсетудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға, заманауи технологияларды енгізуге және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

