Астанада Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай «Психикалық денсаулық – экономикалық және әлеуметтік ресурс: мемлекеттің, медицинаның, технологиялардың және отбасының рөлі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айта кетейік, Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні жыл сайын 10 қазанда аталып өтеді.
Іс-шараға медициналық қауымдастықтың, фармацевтика индустриясының, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және пациенттердің ата-аналарының өкілдері қатысты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде бір миллиардтан астам адам психикалық ауытқулардан зардап шегеді. Тек депрессия мен мазасыздықтың салдарынан әлемдік экономикаға келетін жылдық шығын бір триллион доллардан асады.
Қазақстанда халықтың шамамен 4,4 пайызы депрессивті бұзылыстарға шалдыққан, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 3,9 пайызға жоғары.
Мұндай мәліметті Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиева келтірді.
Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенконың айтуынша, қазіргі медицинаның даму деңгейіне қарамастан, көптеген пациенттер әлі де болса көмекке жүгінуден қорқады. Ал заманауи фармацевтика психикалық ауытқулары бар адамдарға өмір сапасын сақтауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі тиімді шешімдерді ұсынады.
Ол үшінші буын антипсихотиктердің артықшылықтарына тоқталды.
Мұндай препараттарды қабылдағаннан кейін пациенттің когнитивтік функциялары – жад, зейін, көңіл-күйі жақсарады. Соның нәтижесінде емге бейілділік артады, яғни ол дәрі қабылдауды тоқтатпайды. Ұзақ мерзімді перспективада бұл әлеуметтік бейімделудің жақсаруына әкеледі, - деді ол.
Фармацевтика индустриясының пациенттерді заманауи дәрілік препараттармен қамтамасыз етудегі маңызды рөлін «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Павел Хегай атап өтті.
Қазақстанда психикалық бұзылыстар денсаулық сақтау жүйесіне, еңбек нарығына және әлеуметтік шығындарға әсер етеді. Сондықтан пациенттердің халықаралық стандарттарға сай инновациялық дәрілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету аса маңызды. Адам ем қабылдап, жұмысқа қайта оралғанда, бұл экономикалық нәтиже береді. Бір ремиссиядағы пациент – қосымша бір салық төлеуші және толыққанды өмір сүріп жатқан бір отбасы, - деді ол.
«Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының қолдауымен «Рахмет, дәрігер» әлеуметтік жобасы аясында психикалық денсаулық саласында бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, шизофрения туралы білім беру сайты құрылып, «Шизофрения деген қандай болады? Жақындарына арналған кітап» атты басылым мемлекеттік тілге аударылды. Бұл кітап пациенттердің туыстарына арналған және диагноз қойылған адамдарды түсінуді және қолдауды арттыруды мақсат етеді.
Источник: https://baq.kz/

